Әлеумет

Шілдедегі 42500 теңге кімдерге беріледі?

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде карантин мерзіміндегі 42500 теңгені тағайындау және мүгедектікті сырттай созу тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Бұл инстаграм әлеуметтік желісінің пайдаланушыларына @aqtobe_press парақшасында тікелей эфирде ұсынылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі шектеу шаралары кезінде табысынан айырылғандарға шілде айына ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылданғаны белгілі. Осыған орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова осы жәрдемақыны кімдер ала алатынын айтып берді.

  • 30 наурыз бен 11 мамыр аралығындағы төтенше жағдай кезінде тағайындалған 42500 теңгені алуға 226519 азаматтың өтініші тіркелді. Оның 225776-сына 42500 теңге әлеуметтік жәрдемақы төленді. Бұл мақсатта 9 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шілдедегі шектеу шаралары кезеңінде 42500 теңге беру туралы шешім қабылданды. Төлем карантиннің күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүзеге асырылады. Төлем төлеу бойынша өтініштер аудандық, қалалық штабтарда тексеріледі. Деректер салық органдарында салыстырылатын болады. Жұмысы карантинге байланысты тоқтатылған жағдайда ғана өтінім мақұлданатын болады. 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді алу үшін азаматтар өтініштерін электрондық үкімет порталы, 42500.enbek.kz сайты, telegram-ботарқылы бере алады. Сайттардың өтініш қабылдайтын тетігі алдағы күндері іске қосылады, — деді Б.Елеусінова. Сондай-ақ ол осы төлемге қатысты енгізіліп жатқан өзгерістер қосымша хабарланатынын да ескертті.

Ал Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Нонна Валиулова мүгедек азаматтарға алаңдауға негіз жоқ екендігін айтып, себебі карантин уақытында мүгедектікті растайтын құжаттың мерзімі автоматты түрде биылғы 1 қазан айына дейін сырттай созылатынын мәлімдеді.

Спикерлер инстаграм әлеуметтік желісінің @aqtobe_press парақшасындағы тікелей эфирде қойылған сұрақтарға да жауап берді. Қысқаша жауабын жазсақ, аз қамтылған отбасыларға мемлекеттен тек атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бірінші жартыжылдықта әлеуметтік атаулы көмек алмаған болсаңыз, үшінші тоқсанға eGov порталы арқылы құжат тапсыруға мүмкіндік бар. 42500 теңгені тағайындау тәртібінде арнайы студент деген санат жоқ. Алайда осы карантин күшейтілген уақытта жұмысы тоқтап, табысынан айырылғанын растай алса, төленеді. Сондай-ақ жұмыссыз қалсаңыз, жұмыссыздар қатарына электронды түрде тіркеле аласыз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button